1 маусымда Петропавлда балаларға арналған түрлі қызықты іс-шара өтті
1 маусым күні Петропавлдың орталық алаңы шаттық пен шабытқа толы кеңістікке айналды. Балаларды қорғау күніне орай мұнда ән, би, шеберлік сабақтары мен шат күлкіге толы нағыз балалық шақ мерекесі өтті, деп хабарлайды QZ News.
Алаңның әр бұрышы қиялмен тыныстады: кішкентай суретшілер асфальтқа ертегі әлемінің көріністерін – күн, аңдар, үйшіктер мен кемпірқосақтар салып жатты.
– Мен көбелек салып жатырмын, өйткені ол әдемі әрі еркін. Тағы да әлем мейірімді болсын деп. Көбелекке қарағанда, көңілім көтеріледі. Басқалар да қарап, күлімдесе екен деймін. Мүмкін, сонда бір-біріне де жылырақ болар, – дейді София Михайлюк.
Шығармашылық аймақтар кішкентай қонақтарды өзіне тартты. Балалар ермексазбен жұмыс істеп, қиып-жапсырып, түрлі бұйымдар жасады. Басты сахнада балалар ұжымдарының өнер марафоны өтті. Театрландырылған көріністер, би мен әндер көрермендерге шаттық көңіл күй сыйлады. Техникалық шығармашылық бұрышында мектеп оқушылары мен ата-аналар жиналды. Әсіресе футбол ойнайтын роботтар үлкен қызығушылық тудырды. Әмір Орынбай к шағын матчты тамашалады.
– Бұл өте керемет! Роботтар тірі секілді қозғалады. Бұрын мұндайды тек мультфильмдерден көруші едім. Енді өзім де сондай жасап үйренгім келеді. Өскенде инженер болармын. Немесе робот жаттықтырушысы, – дейді Әмір.
Эмоцияға толы сәттердің бірі – құтқарушылардың көрсетілімдері болды. Балалардың көпшілігі техникаға емес, ерекше сүйіспеншілік тудыратын қызметтік иттердің әрекетіне тәнті болды. Ең көп назар бельгиялық овчарка Айкке ауды – ол сабырлы әрі мейірімді болып, балалардың сипағанын сабырмен қабылдап, бұйрықтарды нақты орындады.
– Қазір бізде үш ит бар. Әрқайсысы арнайы дайындықтан өтеді және нақты құтқару операцияларына қатысады. Былтыр 16 рет шақыртуға шықтық, биылдың өзінде екі рет болды. Иттер иіс арқылы жұмыс істейді – олар адамды үйінді астынан, орманнан, тіпті түнде де таба алады. Бұл жай ғана үй жануарлары емес – олар нағыз құтқарушылар, біздің серіктестеріміз. Мысалы, Айк қыстағы іздеу жұмыстары кезінде ерекше көзге түсті – оның көмегі шешуші болды, – деді СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлім жетекшісі Сергей Ящук.
Мереке ауқымды ғана емес, шынайы жүрекке жететін деңгейде өтті. Оған мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері, үйірмелер мен студиялар, еріктілер мен ұстаздар қатысты.
– Бұл жай ғана мереке емес – бұл балалар шығармашылығы мен дамуына арналған үлкен фестиваль. Бүгін сахна мен шеберханаларда – қала мен облыстың үздік ұжымдары. Балалардың өз-өзіне сенімді болып, сахнада еркін жүргенін көру – біз үшін үлкен қуаныш. Мұндай іс-шаралар оларға сенім мен маңыздылық сезімін береді. Ал біз, ересектер, бұл жолда оларды қолдауымыз керек, – деп бөлісті СҚО білім басқармасының бас маманы Замзагүл Тұрлыбаева.