Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » 20 жастағы петропавлдық Данияр Ахметжановты СҚО ТЖД марапаттады

20 жастағы петропавлдық Данияр Ахметжановты СҚО ТЖД марапаттады

СҚО ТЖД салтанатты шара өтті. Онда 20 жастағы петропавлдық Данияр Ахметжанов департамент бастығының алғыс хатына ие болды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі. 
 
СҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 тамыз күні түнде Данияр Ахметжанов коммуналдық базардың жанынан өтіп бара жатқан. Ол бірінші қабаттың терезесінен түтін шыққанын көреді. Бірден 101 телефон нөмірін теріп, өрт сөндірушілердің келуін күтеді.
 
“Солтүстік ӘКК” АҚ коммуналдық базарының ғимаратына бірнеше минуттан кейін облыс орталығының 5 өрт сөндіру бөлімен өрт сөндірушілер келеді. Бұл сәтте бірінші қабатта орналасқан дәмханадағы өрт күшейіп, жақын орналасқан бөлмелерге таралу қаупі туындаған.
 
Данияр өрт сөндірушілерді қарсы алады, оқиға туралы егжей-тегжейлі айтады, тіпті олардың жұмысына көмектесу жайлы ұсыныс білдіреді.
 
“Даниярдың әрекетін ерлікке балауға болады. Бұл жағдайда әр минут алтыннан қымбат дер едім. Елестетіп көріңізші, егер өрт одан әрі күшейіп, айтарлықтай материалдық дүниелері бар 3 қабатты ғимаратты қамтыса, жағдай күрделенер еді. Менің есімде адамдар көп жиналатын жерлерде болған өрт оқиғалары қалыпты. Ғимараттардың иелері мен жалға алушыларына миллиондаған шығын келтіретін өртті бірнеше сағаттап сөндіруге тура келеді. Даниярға жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтамын, ұлын лайықты тәрбиелегені үшін ата-анасына да алғысымыз шексіз. Бұл – біздің жастарымыз үшін нағыз үлгі боларлық жайт!”,- деп түйіндеді СҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Дмитрий Растихин.
Shares