2024 жылы «Кішкентай Петропавл аруы» атағы кімге бұйырды?
Петропавлда Қала күнін мерекелеу аясында дәстүрлі «Кішкентай Петропавл аруы» атты арулар мен таланттар байқауы өтті. Ол облыс орталығындағы орталық алаңда ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Шаһарда кішкентай қыздар арасындағы сұлулық байқауы төртінші жыл қатарынан өткізілуде. Шараны Петропавл қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет үйі ұйымдастырды. Іріктеу кезеңдері қаламыздың мәдениет үйінде өтті. Онда 6 мен 9 аралығындағы 25 қатысушы өздерінің шығармашылық және спорттық қабілеттерін көрсетті. Нәтижесінде 9 жеткіншек «Кішкентай Петропавл аруы» байқауының финалына жолдама алып, жеңімпаз тәжіне таласты.
«Балалар қуанышпен және ынтамен қатысып жатыр. Биыл бірінші айналымда сән көрсетілімі өтті. Екінші турда шығармашылық нөмір ұсынылды. Онда ән айтылды, би биленді, акробатикалық қабілетін көрсеткен қыз да болды. Ал үшінші тур «Көпұлтты қала» деп аталды, арнайы костюм киген қыздар дайындалған нөмірлерді орындады», – деп атап өтті қалалық мәдениет үйі директорының м.а. Карина Швеглер
Қатысушыларды бес төреші бағалады, оның ішінде сән мектептерінің, балалар орталығының, Әйелдер күштері альянсы мен Оқушылар сарайының өкілдері болды. Байқау қорытындысы бойынша «Кішкентай Петропавл аруы» номинациясын Сұлтанна Ренатқызы жеңіп алды. Тәжден бөлек, жеңімпазға смартфон табыс етілді. Ал Ясмин Сахтанова кішкентай вице-мисс атағын иеленді. Оған планшет берілді. Қалған қатысушылардың барлығы қуыршақтармен, гүл шоқтарымен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.