2024 жылы Петропавлда 7,5 шақырым болатын жылу желілері ауыстырылмақ
Петропавл қаласы бойынша партиялық сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы, алдағы жылыту маусымына даярлық, облыс орталығын сумен, газбен және электрмен қамтамасыз ету мәселесі. Бұлар қалалық мәслихаттағы «AMANAT» депутаттық фракциясының отырысында қаралды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінде шаһарда жол жөндеу өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Кеңесте қала әкімі Серік Мұхамедиев былтыр ұзындығы 58 шақырым болатын 47 көшеде жол төсемі жаңартылғанын атап өтті. Ал, биыл қаланың 53 көшесінде 45 км жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның 39-ында ешқашан асфальт төселмепті. Жиын барысында қала басшысы тұрғын үй құрылысының қарқыны туралы да тілге тиек етті.
«Өткен жылы 191 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 26 құрылыс алаңында жұмыстар белсенді түрде жүріп жатыр. Оның 11 бюджеттік болса, қалғаны – коммерциялық. Халық санының өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс артқан. 2024 жылдың соңына дейін 207,1 мың шаршы метрді енгізу жоспарлануда. Бүгінгі күні 21,4 мың шаршы метр орындалды», – деп атап өтті Серік Мұхамедиев.
Биыл облыс орталығында 7,5 шақырым болатын жылу желілері ауыстырылмақ. Сонымен қатар, осы жылы жергілікті билік өкілдері сорғы жабдықтарын жөндеу, бекіту арматураларын ауыстыру және жылу оқшаулауын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
«Биыл Промышленная – Жуков көшесіндегі жылу магистралі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл қаланың солтүстік бөлігі мен өнеркәсіптік аймақтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, №5 жылу магистралінің құрылысы жалғасуда. Оның нәтижесінде Орман, Борки шағын аудандары, жаңадан салынып жатқан әскери академия ғимараты мен жаңа кәсіпкерлік нысандары орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады», – деді ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдын Мәкенов.