2024 жылы Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары қандай әлеуметтік қолдаумен қамтылады
2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 19,8 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтемей жасай отырып. «2003-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 769 теңге мен (3/4 АЕК) 369 200 теңге (100 АЕК) аралығында. 2024 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған», – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2024 жылы – 4 542 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«2005 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 16,9 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2024 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 26 833 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды», – деді Айнұр Абдырахманова.
1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде «халық жауларын» анықтау саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды. Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.
1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзербайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мыңның шамасында. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.