Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Астрахан ауылдық округі әкімін жұмыстан шығаруды ұсынды
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің әкімі Руслан Қабатаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Ол мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Руслан Қабатаев орындалмаған жұмысты орындалды деп, тиісті актіге қол қойған және мердігерге 1,3 млн теңге көлемінде ақша қаражатын аударған. Осылайша, “Компания KZ01″ ЖШС-не заңсыз артықшылық берді”, – деді Аққайың ауданының прокуроры Асқар Кәкімов.
Мердігер әзірленбеген жер учаскесінде саяжол тұрғызған. Айта кету қажет, төсемдер қыста төселген.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Руслан Қабатаевты қызметінен босату туралы ұсынысты бірауыздан қабылдады. Айтпақшы, оның мансабының болашағы шешілген отырысқа шенеуніктің өзі қатыспады.