Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Әлеуметтік көмек: қала әкімдігі петропавлдықтарға қандай көмек көрсетуде

Әлеуметтік көмек: қала әкімдігі петропавлдықтарға қандай көмек көрсетуде

Петропавлдықтарды жұмыспен қамту – жергілікті әкімдік жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Жыл басынан бері облыс орталығында 5,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасыпты. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен 2665 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Келесі жылы жергілікті билік 5750-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, 2667 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін басым бағыттардың бірі – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК немесе 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік гранттар беру. Мұндай қолдауға мүмкіндігі шектеулі адамдар, мүгедек балаға күтім жасап отырған адамдар, АӘК алушылар, көпбалалы отбасылар, қоныс аударушылар мен кандастар үміт арта алады. Ағымдағы жылы 48 адам жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Қолдау қаржы 62,4 млн теңгені құрады. А 2024 жылы 60 адамға мемлекеттік гранттар беру көзделіп отыр.

«2023 жылдың басынан бері атаулы және тұрғын үй көмегі, мерекелерге, маңызды даталарға тағайындалатын және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек сияқты әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерімен 11 588 адам қамтылды. Қаржылай қолдау көлемі – 1,242 млн теңге. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде аз қамтылған отбасының жалпы жиынтық табысына шекті рұқсат етілген шығыстардың үлесін 7-ден 5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданғанын атап өткім келеді. Бұл шешім зейнетақы төлемдерінің ұлғаюына және ең төменгі жалақының көтерілуіне байланысты қабылданды. Мұндай қадам тұрғын үй көмегін алатын азаматтардың саны мен көмек көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғын үй көмегін көрсету ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді», – деді Серік Мұхамедиев.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен мерекелік және атаулы даталарға байланысты азаматтардың 17 санатына және мұқтаж азаматтардың 13 санаты бойынша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл 6 мыңға жуық адам 400 миллион теңгеге ие болды. Қосымша ақпар ұсынамыз. 2024 жылдан бастап әлеуметтік көмек түрлерінің тізбесі кеңейтіледі:

– Өзге мемлекет аумағында (Ауған соғысы, Чернобыль апаты, Семей оқиғасы) соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға ай сайын 2 АЕК беріледі;

– Жылына бір рет Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, өзге мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге (Ауған соғысы, Чернобыль апаты, Семей оқиғасы) Петропавл қаласындағы емдеу мекемелеріне дейінгі және қайтар жолақысын төлеу;

– мүгедек баланы шипажайға алып баратын заңды өкілдердің біріне 159 005 теңге сомасында төлем жасалады (әлеуметтік көмектің 70 пайызы – 227 150 теңге). Әлеуметтік көмек көрсету және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының мөлшерлерін белгілеу және тізбесін айқындау қағидаларына да тиісті өзгерістер енгізілді.

«Алдағы 2024 жылы 12 мыңға жуық адамды әлеуметтік көмектің барлық түрімен қамту жоспарлануда. 2024 жылы әлеуметтік көмек көрсетуге бөлінген бюджет қаражаты 2023 жылдың бюджетінен 1,7 есеге көп болады», – деп сөзін түйіндеді қала әкімі.

Shares