Айыртау ауданының мехбригадасы Ойқала шағын ауданындағы 41 үйді сүрді
Ойқала шағын ауданында тұратын Мария Шатныхтың үйінде Айыртау ауданының мехбригадасы жұмыс істеп жатыр. Жігіттердің іске кіріскеніне шамамен үш апта болыпты. Қала тұрғынының айтуынша, осы уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Су тасқынынан кейін бірінші рет үйіме кіргенімде, оны қалпына келтіру мүмкін емес деген жағымсыз ой бірден басыма келді. Судың деңгейі терезелердің ортасынан жоғары болды, жиһаздар орнынан қозғалған. Мехбригаданың жігіттері сапалы жұмыс істеп жатыр, айтылғандардың бәріне құлақ асады. Едендер ауыстырылды, қабырғалар тазартылды және сыланды, бөлмеаралық бөліктер жасалды”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Мария Шатных.
Бүгінде бес мехбригаданың мамандары Ойқала тұрғындарына көмектесіп жатыр. Ортақ ұран – қалыпты өмірге бірлесе оралу!
“Бастапқыда бізге 111 нысан бекітілді, 83 үй апатты деп танылды, оларды бұзу туралы шешім қабылданды. Бүгінде 41 үй қиратылып, шамамен 7 мың текше метр қоқыс шығарылды. Үйлерді бұзуды 1 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал 28 тұрғын үй жөндеуге жарамды деп танылды, 25 үйде тұрғындар қалпына келтіру жұмыстарын өздері жүргізуге шешім қабылдады. 3 үйде біздің мехбригадалар жұмыс істеп жатыр. Шілде айының соңына қарай шаруа аяқталуы тиіс”, – деді Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов.
Ойқала шағын ауданында тер төгіп жатқан Айыртау ауданының мехбригадасы құрамында 40-қа жуық адам жұмыс істеуде, 19 техника жұмылдырылған.