Алдағы айда Петропавлда 10 күнге ыстық су беру тоқтатылады
«Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС 10 маусымнан бастап жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізуді бастайды. Сынақтардың мақсаты – келесі жылыту маусымына дайын болу, құбырлардағы және жылу желілерінің жабдықтарындағы ақауларды анықтау, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
“Сынақтар кезеңінде жер асты және жер үсті орындалудағы магистральдық желілер жұмыс істейтіннен 25%-ға жоғары қысымда болады. Сонымен қатар желідегі судың температурасы +40 градустан аспайды. Жұмысты жүргізу ұзақтығы – 10 күн. Яғни, Петропавл қаласын ыстық сумен жабдықтау 10 күнтізбелік күнге тоқтатылады”, – делінген хабарламада.
Сынақтар аяқталғаннан кейін анықталған ақауларды есепке ала отырып, ыстық сумен жабдықтау кезең-кезеңімен қосылады. Ақаулар анықталған кезде магистральдық желілердің учаскелері жөндеуге жабылады, ал осы учаскелердегі тұрғын үйлерде ыстық су болмайды.