Аққайың ауданында полицейлер ауыл тұрғынынан екі келіге жуық марихуана тәркіледі

«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Аққайың аудандық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісінің жолын кесті. 40 жастағы жергілікті тұрғынның үйінен 1,9 келіден астам кептірілген марихуана анықталып, тәркіленді. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Есірткі затынан бөлек, жедел қызметкерлер оны пайдалануға арналған қолдан жасалған құрылғыны да тәркіледі. Күдіктінің айтуынша, ол жабайы қарасораны тек жеке пайдалану үшін жинап, сақтаған. Ауыл тұрғыны өз кінәсін толық мойындады.
«Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен сотқа жолданды. Бұл – жалғыз жағдай емес. Жыл басынан бері Аққайың ауданында есірткі заттарын ірі және аса ірі мөлшерде заңсыз сақтауға байланысты үш қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Заңсыз айналымнан жалпы 19,6 келі кептірілген марихуана тәркіленді. Сонымен қатар есірткі затын өткізуге қатысты бір факт тіркеліп, одан 5,2 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленді», – деп хабарлады СҚО ПД.
