Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ақша бопсалаумен және несие алғызумен айналысқан петропавлдық төрт жігіт темір торға тоғытылды

Ақша бопсалаумен және несие алғызумен айналысқан петропавлдық төрт жігіт темір торға тоғытылды

СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Петропавлдың білім ошақтарындағы профилактикалық кездесулер барысында қорқытып алу, адамды қамап қою, ұрлық және денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру фактісін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Полиция хабарлағандай, бұл қылмыстарды биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында бір топ жас жасаған. Облыс орталығының 20 мен 23 аралығындағы төрт тұрғыны ҰҚҚКБ қызметкерлерінің назарына іліккен. Олардың үшеуі бұрын сотталған.

Жедел ақпаратқа сәйкес, бұл топ 18 жастағы колледждердің бірінің студентінен қорқытып ақша алған. Жас жігіт өзінің жайлы өміріндегі болып жатқанның барлығын әлеуметтік желілерге салып жүрген. Нәтижесінде оның бұл әрекеті басқалардың көзіне түскен.

Жәбірленушіні жалдамалы пәтерлерге заңсыз жолмен қамап қою арқылы ақша талап еткен, психологиялық қысым мен күш қолданылған. Жәбірленушіге мобильді қосымшалар арқылы қарыздар алғызып, несиелер рәсімдеуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ жігіт өзінің соңғы үлгідегі iPhone телефонын 50 мың теңгеге сатып жіберген. Алынған ақшаны бопсалаушыларға берген. Кезекті рет ақша алмақ болған жігіттер жәбірленушінің тұрғылықты мекенжайына келгенде, ол үйінде болмай шыққан. Жастар жалдамалы пәтерге кіріп, 70 мың теңге ақша мен гаджеттерді қуаттауға арналған аккумуляторды ұрлап кеткен. Бұдан бөлек, олар мас күйде тағы басқа да қылмыстар жасады. Бұлар да сотта қаралды.

“Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Солтүстік Қазақстан облысында жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған бағдарлама жоспарлап отыр. Оқу орындары мен мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл тиімді іске асырылып келеді. Оқу орнында өткен осындай профилактикалық шаралардың бірінде жедел уәкілдерге бопсалауға ұшыраған 18 жастағы студент жүгінді. Келтірілген жалпы шығын – 400 мың теңгеден астам. ҰҚҚКБ қызметкерлері қылмыскерлерді ұстау бойынша дереу шаралар қабылдады”, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

СҚО Петропавл қалалық соты ұсталған төрт адамның үшеуін сегіз, алты, төрт жылға бас бостандығынан айырды, ал біреуі төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Shares