Аспаздықтан наркобизнеске: Петропавлда синтетикалық есірткі таратқан шетелдік ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер есірткі сатқан деген күдікпен ТМД елдерінің бірінің 24 жастағы азаматын ұстады, деп хабарлайды QZ News.
Жас жігіттен жалпы салмағы 21,7 грамм болатын ұнтақ тәріздес зат салынған орамдар тәркіленді. Сондай-ақ, күдікті көрсеткен орындардан тағы 3,2 грамм осындай зат салынған екі орам алынды. Сараптама бұл заттардың синтетикалық есірткі — мефедрон мен α-PvP екенін көрсетті.
Полиция мәліметінше, жас жігіт Астанадағы аспаз жұмысын тастап, Петропавлға есірткі сату мақсатында келген. Құқық қорғаушылар оны келгеннен кейін 11 күн өткен соң ұстаған. Қазір шетелдік азамат қамауда, тергеу амалдары жүргізілуде.