CҚО-да өткен тамыз конференциясында білім саласын дамыту талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысында 465 мектеп бар. Олардың көпшілігінің жағдайы мүшкіл. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Білім беру үдерісін жақсарту үшін жыл сайын білім саласына қыруар қаржы құйылады. Соңғы 3 жылда облыста 127 білім ошағы күрделі жөндеуден өткен. Биыл шамамен 4,5 млрд теңге жұмсалып, 49 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру басталды. Оның аясында Петропавлда заманауи талаптарға жауап беретін 4 мектеп салу жоспарлануда. Биылғы жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2,2 млрд теңге бөлінді. Мектептер мен балабақшаларға физика, химия, биология, робототехника кабинеттері, CTEM зертханалары, жаңартылған ас үй жабдықтары мен спорт жабдықтары сатып алынды.
«Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өседі. Мұғалімнің жауапкершілігі тек оқу-тәрбие үрдісімен шектелмеуі керек. «Біздің жұмысымыз – сабақ өткізу» деген ұстаным дұрыс емес. Мұғалім баланың болашағына өзінің қатысы барын сезінуі, тәлімгер болуы, мектеп оқушыларының тұлғалық өсуіне көңіл бөлуі, кәсіптік бағдар беруі және балалардың сабақтан кейін немен айналысатынына қызығушылық танытуы керек. Осы тәсіл ғана тұлға және білімді мемлекет қалыптастыруға көмектеседі», – деп айтылды тамыз конференциясында.