Кинофильмдегідей қасқырлар: Қазақстан тауларында таңғажайып кадрлар түсірілді
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағына орнатылған бейнеқақпанның объективіне екі қасқыр ілінді, деп хабарлайды QZ News Tengri Travel дерегіне сілтеме жасап.
Орманда еркін жүрген екі қасқыр бейнеленген кадрлар 23 сәуір күні жабайы жануарларды бақылау бағдарламасы аясында орнатылған арнайы тіркеу құрылғысы арқылы түсірілген.
Жануарлар әдемі әрі сенімді көрінеді — көрініс жабайы табиғат туралы деректі фильмнің үзіндісін еске салады. Жыртқыштардың бірі камераны байқап, тікелей объективке қарап, кенет шегініп кеткен – аңдағандай, өзін бақылап тұрғанын сезгендей әсер қалдырады.
Қазақстанда қасқырдың төрт түрі мекендейді. Солардың бірі – тибет қасқыры (Canis lupus chanco), ол елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы өңірлерде, соның ішінде Күнгей Алатау аймағында кездеседі.
Әдетте тибет қасқырларының салмағы 30-40 келі шамасында болады. Еркектері аналықтарынан ірілеу. Бұл қасқырлардың басы үлкен, маңдайы кең, тұмсығы сүйір және жақ сүйектері мықты. Құлақтары үшбұрыш пішінді, ұштары сүйір, көлемі шағын. Құйрығы ұзын әрі үлпілдек. Тырнақтары — доғал және мысықтардікі сияқты ішке тартылмайды.
Жүнінің түсі — ашық сұр, кейде қызғылт реңкі болады. Қыста жүні қалыңдап, тығызырақ бола түседі. Арқасы бойымен созылған қарақошқыл жолағы — бұл ерекше белгілерінің бірі.