Kozybayev University-дегі бас дәрісхана Евней Бөкетовтің есімімен аталды
Kozybayev University-де бас дәрісханаға академик Евней Бөкетовтің есімі берілді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады QZ News.
Химия және металлургия саласының көрнекті ғалымы, жазушы, ақын, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1969 ж.) – еліміздің көрнекті тұлғасы. Ол қазақстандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. Селен мен теллур химиясы мен технологиясын, молибден мен ренийді өндіру тәсілдерін жетілдіру мүмкіндіктерін, марганец кендерін кешенді өңдеу мәселелерін зерттеді.
«Біздің студенттер әр дәріске келген сайын Евней Арстановичтің портретін, оның өмір жолын көретін болады. Бұл олар үшін білім алуға, еліміздің дамуына үлес қосуға деген ұмтылыстың үлкен бағдаршамына айналады. Е.Бөкетов – тек ғалым ғана емес, сонымен қатар кемеңгер ұстаз, Қазақстан ғылымы мен білімінің тарихында терең із қалдырған тұлға. Біз бұл аудитория білімге ұмтылған, ғылыми жаңалықтар ашуды армандайтын жастар үшін шабыт орталығына айналсын дейміз!», – деді Басқарма төрағасы – Ректор Ербол Исакаев.
Сонымен қатар университет қабырғасында академик Е.А. Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Жастар және ғылым – 2025: қазіргі сын-қатерлер мен оларды шешудегі ғылыми тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға АҚШ, Италия, Түркиядан келген танымал ғалымдар мен қонақтар қатысты. Аризона университетінен профессорлар Род Винг, Дженнифер Винг, Тони Спаркс, Владлена Харченко қатысты.
Е.А. Бөкетовтің әпкесі, филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Бөкетова бастаған туыстары да шараға қатысты. Ол Евней Арстановичтің өмірі мен ғылыми жолы туралы құнды естеліктерімен бөлісті.
«Отбасымыздың атынан университетіміздің студенті Аяжан Ілиясқа Е.А. Бөкетовке арналған ғылыми жобасы үшін 50 мың теңге көлемінде біржолғы стипендия табыстадым. Сонымен қатар, химия пәнінен өткен студенттік олимпиаданың үш жеңімпазы да арнайы сыйлықтарға ие болды», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, осы күні ғылым қызметкерлері күніне орай адал еңбегі мен ғылым мен технологияны дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар оқытушылар, жас ғалымдар, студенттер мен ғылыми серіктестер марапатталды. СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен университеттің 5 жас ғалымы марапатталды.