Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Kozybayev University студенттері үшін Аризона университетінің жетекші профессорлары ғылыми семинарлар өткізеді

Kozybayev University студенттері үшін Аризона университетінің жетекші профессорлары ғылыми семинарлар өткізеді

Петропавлда профессорлар Род Винг, Дженнифер Винг, Владлена Харченко студенттерге флора мен фаунаны секвендеу, биологиялық зерттеулердегі аналитикалық әдістер және басқа да өзекті тақырыптар бойынша ғылыми семинарлар өткізеді. Инклюзивті педагогика мәселелері бойынша бірлескен бағдарламаларды профессор Тони Спаркс үйлестіретін болады. Бұл жөнінде СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исақаев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News.

Қазіргі таңда университеттің профессорлық-оқытушылық құрамында АҚШ пен Түркиядан келген профессорлар – Андреа Зукколо, Джелал Чекен және Сауле Мусурова еңбек етуде.

Қазіргі жүзеге асып жатқан басты міндет – қазақстандық университетті зерттеу бағытына бейімдеу. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары Солтүстік Қазақстан өңірі үшін маңызды бағыттарды қамтиды: ауыл шаруашылығы, инженерия және IT. Аризона университетімен бірлескен зерттеулер нәтижесінде бұл салаларда елеулі қадамдар жасалуда.

«Ұлттық қазыналардың геномикасы» жобасы аясында Аризонаның геномика институтының (AGI) қатысуымен биологиялық және стратегиялық маңызы бар қазақстандық түрлерді секвендеу көзделуде. Каспий теңізі түленінің қан үлгісі алынды – геномды жинау бір жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Келесі кезең – су ресурстары саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту. Қазірдің өзінде Kozybayev University, Аризона университеті және Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (NWAFU) арасында Су ресурстары консорциумын құру жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін пәнаралық ғалымдар тобы құрылды. Сонымен қатар Аризона университетімен бірлесіп АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) қаржыландыратын су сапасын микробиологиялық бағалау жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – бірлесіп жүзеге асырылатын зерттеулердің тек бір бөлігі ғана», – деді Ербол Исақаев.

Осы айдың өзінде Kozybayev University командасының АҚШ-қа сапары өтеді. Онда Аризона университетімен бірлескен зерттеулер тақырыбы жалғасады. Сондай-ақ бизнес және медицина бағыттары бойынша екі бірлескен білім беру бағдарламасын ашу жөнінде әріптес университетпен келісімге қол қою жоспарлануда.

«Үш жыл ішінде университеттердің коллаборациясы өз тиімділігі мен қазақстандық жастар арасында сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Бүгінгі таңда бірлескен бағдарламалар бойынша 1000-нан астам студент тек Қазақстаннан ғана емес, жақын шетелдерден де оқып жатыр. Олар тек ағылшын тілінде оқиды және білімді отандық әрі шетелдік жетекші профессорлардан алады. Алғашқы үш жыл Kozybayev University қабырғасында өтеді. Төртінші курстың басында студенттер Аризона университетінің Тусон қаласындағы негізгі кампусына бір семестрге барады. Грант иегерлері үшін виза рәсімдеу, ұшу және тұру ақысыз. Келесі оқу жылында сонда 40 студент барады. 2026 жылы – 125, ал 2027 жылы – 90 студент жоспарланған. Бұл білім нәтижесінде студенттер бірден екі диплом – қазақстандық және америкалық диплом алады. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады», – деді Kozybayev University ректоры Ербол Исақаев.

Shares