Күзге дейін “Солнечный-2” шағын ауданында балабақша салына
“Солнечный-2” шағын ауданында 90 орындық балабақша салынуда. Құрылыс алаңында “Мирас Group” ЖШС мамандары жұмыс істеуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Мердігерде барлық жұмыстарды аяқтау үшін 4 ай бар. Жоспар бойынша нысан 30 қыркүйекте ұлдар мен қыздарға есігін айқара ашады. Балабақша демеушілік қаражат есебінен салынуда. Оның құрылысына 500 млн теңге бағытталды.
“Қазір жер қазу жұмыстары жүргізілуде. 5 бірлік техника мен 5 адам жұмылдырылды. Алдағы уақытта монолитті жұмыстар жоспарлануда. 50-ге жуық адам жұмыс істейтін болады. Балабақшаның іргетасы “ФБС”-тен, қабырғалары газоблоктан көтеріледі”, – деді “Мирас Group” ЖШС учаске бастығы Фархат Сейпилов.
Құрылыс алаңындағы жұмысшылар мен техниканың саны біртіндеп артады. “Солнечный-2” шағын ауданында салынып жатқан үйлердің де саны артпақ. Мұнда 700 баспана болмақ.
“Алдағы бірер күнде тағы 200 үйдің құрылысы басталады. Жер қазу жұмыстары жүргізілуде, құрылысқа дайындық жүріп жатыр. 100 үйді – “Kaspi” компаниясы, 20 үйді – “YDA Holding” түрік компаниясы, тағы 80 үйді жеке инвестор қаржыландырады. 700 үй мен балабақшаны салуға 1000-1200 адам, сондай – ақ 50-60 бірлік техника жұмылдырылған”,-деді СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Елемесова.
5 маусым күні “Солнечный-2” шағын ауданында алғашқы 50 үй тапсырылады. Қазір іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, оны мамандар көгалдандырып, ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де ыңғайлы етуде. Жұмысшылар үлкен ойын алаңын, спорттық ойын алаңдарын тұрғызады.