«Мекенжайларға кезек бойынша қызмет көрсетіледі»: Қалалық әкімдік ескі ағаштарды кесу ісіне қатысты пікір білдірді
Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі QZ Media ақпараттық агенттігінде жарияланған Петропавл тұрғынының үндеуіне қатысты пікір білдірді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын қалада қаршадай қыздың үстіне ағаш құлаған болатын.
«Қызым екеуміз үйге жүгіріп келе жаттық, жаңбырда қалдық. Подъезге енді кіре бергенде қызымның үстіне ағаш құлады. Қызым зардап шекті. Қуанышымызға орай, жолымыз болды. Қызым аяқ жарақатын ғана алды», – дейді қала тұрғыны.
Әйелдің айтуынша, полицейлер оған көмектеспеген. Ал ағаштарды кесу кезегіне келсек, қала тұрғынының ауласы бірнеше жылдан бері тізімде тұр.
«13 мамыр күні Интернационал көшесі, 40 мекенжайында құлаған ағаш жойылып, түбі тегістелді. Биыл апатты ағаштарды кесу және түптерін тегістеу бойынша «Коммунхоз» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Жұмыс сәуір айында басталды. Барлық мекенжайға кезек бойынша қызмет көрсетіледі», – делінген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің хабарламасында.
Әкімдік бұл кезекте қанша аула тұрғанын айтпады. Мамандардың сөзінше, бұл көрсеткіш үнемі өзгеріп тұрады.