Өрт сөндірушілер Петропавлдағы көпқабатты үйде оқу-жаттығу жиынын өткізді
Облыс орталығында, нақтырақ айтсақ “Жас өркен” шағын ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде кешенді өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Сценарий бойынша 8-ші қабаттағы пәтерде өрт бас көтерді, қою түтін жан-жаққа таралды. Бұл жоғарғы қабаттағы пәтерлердің тұрғындарына қауіп төндірді. Жалын тез жайылды және жоғарғы қабаттарға ауыса жаздады. Бір сәтте оқиға орнына шақырудың үшінші – жоғары дәрежесі бойынша өрт сөндірушілер жетті. Олар сөндірумен бір мезгілде үй-жайларға тексеру жүргізді. Оқу-жаттығуға СҚО ТЖД жеке құрамының 56-ға жуық адамы және 10 бірлік техникасы қатысты.
Сонымен қатар, “Magnum” сауда орталығында өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Жоспарлы түрле қойылған өрт 35 шаршы метр аумақта – дайын өнім қоймасында болды. Бұл оқу-жаттығудың мақсаты – СОО-да өртті сөндіруді пысықтау. Оқу-жаттығуларға барлығы 7 бірлік автотехника мен департамент жеке құрамының 25 адамы жұмылдырылды.