Петропавл тұрғыны чатта жалған айыптаулар таратқаны үшін 500 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жала жабу ісі бойынша шешім шығарды. Жалпыүйлік чатта жалған ақпарат таратқан қала тұрғыны ірі мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды QZ NEWS.
2025 жылдың маусым айында азаматша К. өзінің үй чаты арқылы бұрынғы МИБ (бірлестік) төрағасын алаяқтық жасады деп айыптаған. Ол төраға тұрғындарды алдап, жалған келісімшарттар жасасқанын және тұрғындардың келісімінсіз бюджет қаражатын жұмсағанын мәлімдеген.
«Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындағанымен, бұрынғы төрағаның тарапынан қаржылық заңбұзушылықтар болғанын дәлелдейтін ешбір құжат ұсынбады. Сот К-ның әрекеттері ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы, 2-бөлігіне – «Жала жабу» – сәйкес екенін анықтады. Бұл бап басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, көпшілікке әдейі таратылған жалған ақпарат үшін жауапкершілікті қарастырады. Іс қорытындысы бойынша К. кінәлі деп танылып, оған 495 432 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.