Петропавл тұрғынынан синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер синтетикалық есірткі сатқан деген күдікпен Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ұстау кезінде одан мефедрон мен α-PvP салынған 3 ірі және 2 кіші түйіншек табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайынан ішінде 2 грамм α-PvP бар 3 «зиплок» пакет табылды. Тәркіленген синтетикалық заттардың жалпы салмағы 227 граммды құрады, деп хабарлайды QZ News.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық куәландыру оның психостимуляторлар қолданғанын растады. Күдікті өзі де есірткі тұтынатынын мойындаған.
«СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының деректері бойынша, есірткі сату күдігімен ұсталған әр екінші адам – өзі де нашақор. Биылғы жылдың басынан бері өңірде есірткі сату фактісі бойынша 29 адам ұсталды, олардың 15-і есірткіге тәуелді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Полицейлер жастарға бұл мәселе туралы ойлану қажет екенін ескертеді, себебі кей таныстардың «бір рет татып көр» деген ұсынысы есірткіге тәуелділік пен қылмыстық жолға түсудің басы болуы мүмкін. Мұндай қызығушылық ерте ме, кеш пе, ауыр қылмыстық жауапкершілік пен ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыруға алып келеді. Есірткі қылмысына қарсы күрес – «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі.