Петропавлда Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған көрме ашылды
Петропавл қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл және қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған көрме ашылды. СҚО бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған көрменің мақсаты – Абайдың шығармашылық мұрасын, оның қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен насихаттау, деп хабарлайды QZ NEWS.
Көрмеге Қазақстанның танымал суретшілерінің гравюралары қойылған. Атап айтқанда:
КСРО халық суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сидоркин Евгений Матвеевичтің еңбектері;
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ халық эпосы тақырыбындағы линогравюралар авторы Баранов Константин Яковлевичтің жұмыстары;
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, графика шебері Антощенко-Оленев Валентин Иосифовичтің туындылары.
Көрмеге келушілер Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштердің Қазақстанда және шет елдерде орнатылған нұсқаларының фотосуреттерімен танысты. Экспозицияны Абайдың 30 тілге аударылған еңбектерінен құралған кітап көрмесі толықтырып тұр.
Абай Құнанбаев – қазақ әдебиетіне түрлі поэзиялық формаларды енгізген, қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін ашқан ұлы реформатор. Сонымен қатар, ол Александр Пушкин, Михаил Лермонтов сынды орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде де белгілі.
Көрме бір ай бойы жалғасады.