Петропавлда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын бақылау тетіктері талқыланды
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері алдында Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов сөз сөйледі. Ол қараша айының бірінші онкүндігінде облыста пияздың бағасы 9,9 пайызға, сүзбе құны 3,6 пайызға қымбаттағанын айтты. Дәл осы кезеңде жұмыртқа бағасы 1,2%-ға, қант 2,4%-ға арзандады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін аймақта тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің 15-і облыста өндіріледі. Халық бұл өнімдермен толық қамтамасыз етілген. «Кері схема» тиімді жүзеге асырылуда. Қаржыландыру 2,5 млрд теңгені құрайды. Тұрақтандыру қоры қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, ұн, макарон, қант, тұз, құс еті, тауық жұмыртқасы, көкөністер бойынша тауарлық интервенция жүргізеді. «Солтүстік» СПК» АҚ жергілікті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге шикізат сатып алу және өнімді одан әрі бөлшек сауда желісінде жеңілдетілген бағамен өткізу үшін несие береді», – деп атап өтті СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов.
Сүт және ет өнімдері үшін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бөлшек сауда желісіне тікелей жеткізу механизмі қолданылады. Бұл меморандумдар мен ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында жүзеге асырылуда, деп түсіндірді Қанат Шамсутдинов. Ол көкөніс тобына жергілікті өндірушілерге күзгі-қысқы кезеңде көкөністерді жеткізу үшін «айналмалы схема», «форвардтық сатып алу» бойынша қаражат бөлінгенін айтты. Сауда желілерімен тауарға қосымша ақы қосу мөлшерін сақтау туралы меморандумға қол қойылды.
«Бағаның өсуіне жол бермеу үшін азық-түлік бағасы күн сайын қадағаланады. Көтерме сауда кәсіпорындары, бөлшек сауда желілері, дистрибьюторлар және жергілікті дүкендер басшыларының қатысуымен делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілуде. Жыл басынан бері 73 жиналыс өткізіліп, заңды бұзған 128 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-деді Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов.