Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда алаяқтықтың жаңа түрін жасаған күдікті қолға түсті

Петропавлда алаяқтықтың жаңа түрін жасаған күдікті қолға түсті

СҚО полиция қызметкерлері облыс орталығында қала тұрғындарын алдап соққан күдіктіні анықтап, ұстады. Тамыз айының басында Петропавл қаласының полиция басқармасына интернет-алаяқтық туралы өтінішпен 22 жастағы жігіт пен қыз жүгінген, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Олардың ешқандай несиелері болмаған. Алайда, ломбардқа мерзімі өткен төлем туралы sms-хабарламалар алған. Бір ай бұрын паркте оларға бейтаныс жас жігіт келіп, телефондарын белгілі бір дерекқор арқылы тексеруді ұсынған. Оның көмегімен гаджеттің ұрланбаған екенін растауға болады деп түсіндірген.

Жәбірленушілер өздерінің телефондары мен жеке куәліктерін суретке түсіруге, сондай-ақ IMEI-кодтарын жазып алуға мүмкіндік берген. Бәрін жазып алған бейтаныс телефонның “базада тіркелмегенін” айтқан. Кейіннен жәбірленушілер олардың құрылғылары онлайн-режимде қарыз беретін ломбардтың кепілі болғанын білген. Келтірілген залал әр жағдайда 35 мың теңгені құрады.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының және Петропавл қаласының “Cyberpol” тобының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 18 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Ол Жұмабаев көшесінің бойында ұсталды.

“Аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Құпия деректеріңізді ешкімге бермеуіңізді сұраймыз. Барынша сақ болыңыздар”, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Жыл басынан бері СҚО-да 453 интернет-алаяқтық тіркелген, оның ішінде 75-і микроқаржы ұйымдарынан өзгенің атына несиелерді ресімдеумен байланысты.

Shares