Петропавлда алғаш рет SHYN CUP-2025 республикалық пікірсайыс турнирі өтті
Kozybayev University базасында алғаш рет мемлекеттік тілде ауқымды республикалық пікірсайыс турнирі — SHYN CUP-2025 өтті. Оған Астана, Қарағанды, Семей, Көкшетау, Павлодар және Қостанай қалаларынан 60-тан астам студент қатысты. Жүлде қоры 490 мың теңгені құрады, деп хабарлайды QZ News университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл – өзгерістерге ұмтылатын, білім мен азаматтық сананы дамытуға талпынатын жас лидерлерді біріктірген зияткерлік оқиға. SHYN CUP — жай ғана жарыс емес, бұл – ой білдіру, диалог алаңы және жаңа буынның нағыз көшбасшыларына арналған платформа!» – деді Kozybayev University жанындағы «Shyn» пікірсайыс клубының жетекшісі Алуа Бекбаулова.
Турнир тақырыптары қазіргі қоғамдағы маңызды әлеуметтік және саяси мәселелерді қамтыды: сөз бостандығы, білім беру жүйесінің дамуы, жастар саясаты, экология, экономика, мәдени мұра және басқа да өзекті салалар. SHYN CUP турнирінің ерекшелігі – «Әлемдік анимация» стиліндегі бірегей визуалды безендіруі болды. Көпшіліктің сүйікті мультфильм кейіпкерлері пікірсайыстың көркем фонына айналып, даналық пен креатив, дәстүр мен жаңашылдық арасындағы тепе-теңдіктің маңызын еске салды.
Екі күнге созылған тартысты пікірсайыстар нәтижесінде республикалық турнирдің жеңімпаздары болып Астана мен Павлодардан келген аралас команда — «Қызылжар» фракциясының мүшелері Ролан Мұхитжан мен Бекхан Жақсылық танылды.