Петропавлда мектеп жанындағы алаңдар 60 мыңға жуық оқушыға есігін ашады
2 маусымнан бастап Петропавл қаласында оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар басталады. Қалалық мектептер жанынан 424 мектеп алаңы ашылып, 58 570 оқушыны қамтиды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың мәліметінше, биылғы жазда оқушылар төрт негізгі бағыт бойынша түрлі іс-шараларға қатыса алады:
Еңбек бағыты: 8 414 бала көгалдандыру, абаттандыру және мектеп орманшылық бригадаларына қатысады.
Спорттық-туристік бағыт: 15 965 оқушы экскурсиялар мен археологиялық экспедицияларға шығады.
Шығармашылық бағыт: 26 130 оқушы 30 қосымша білім беру ұйымы мен 25 аула клубында жұмыс істейтін үйірмелер арқылы өз таланттарын дамыта алады.
Интеллектуалдық бағыт: 13 143 оқушы тілдік және дебат клубтарына, сондай-ақ көшбасшылық мектептеріне қатысады.
«Ерекше санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді – бұл 18 294 бала. Ең алдымен, демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, ерекше білім беруді қажет ететін және дарынды балалар қамтылады», – деді Айнагүл Сұрағанова.
Балалардың жазғы демалыспен барынша қамтылуын қамтамасыз ету үшін облыста бірнеше жоба іске асырылуда:
- Оқушылар сарайы жанындағы Жазғы академия: бұл жоба бес жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Биыл 2 000 балаға арналған бес тақырыптық маусым ұсынылады.
- «Бір күн қалада» жобасы: ауыл оқушыларын Петропавл қаласының көрнекті орындарымен таныстыруды көздейтін бұл жоба екінші жыл қатарынан жалғасуда.
- «ЖАС САРБАЗ» әскери-патриоттық лагері: 600 баланы қабылдайды.
- Спорттық бағыттағы жобалар: «Жазғы стадион» (27 мың балаға арналған) және «Нептун» (600-ден астам баланы қамтиды).
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, әрбір баланың жазы пайдалы, қауіпсіз әрі көңілді өтуі маңызды.
«Біздің басты міндетіміз – сапалы, мазмұнды және қауіпсіз демалыс ұйымдастыру», – деді облыс әкімі әкімдік отырысында.