Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда өткен азаматтық бастамалар фестивалінде үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Петропавлда өткен азаматтық бастамалар фестивалінде үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Петропавлда, нақтырақ айтқанда С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Солтүстік Қазақстан облысының азаматтық бастамалар фестивалі өтті. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, белсенділер және өңірдің дамуына өз үлесін қосуға ниетті барлық азаматтар қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Фестиваль қатысушылары балаларды, қарттарды қолдауға, жануарларды қорғауға, қоршаған ортаны аялауға және білім беруді дамытуға бағытталған қажетті жобаларын ұсынды. Іс-шара қонақтары үздік тәжірибелермен және табысты бастамалармен танысып, мобилография бойынша шеберлік сабағына қатысты”, – деді “СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы” ЗТБ төрайымы Әсел Есжанова.

Аймақтағы белсенді және табысты коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне марапаттар табысталды. Түрлі марапатты «Ауылға қош келдіңіздер», «Уәлиханов жастары», «Солтүстік фестивалі», «Менің балам», «Қазақ зағиптар қоғамы», «GROW KZ», «Shyaq», «Есіл ауданы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі», «Надежда Норд» қорлары мен ұйымдары алды.

“Қор үшінші жыл жұмыс істеуде. Біз түрлі бағытта жұмыс істейміз. Ауру балаларға көмек көрсетеміз, экология мәселелерімен айналысамыз, жануарларға жәрдемдесеміз. Биыл депортациялануы тиіс Украина азаматшасына көмек көрсеттік. Ақша жинап, науқас қызды Түркияға бүйрек ауыстыруа жібердік. Баланың шетелде емделуі үшін 9 млн теңге жинадық”, – деді М.Жұмабаев ауданының “Добро в село” қорының директоры Әсемгүл Бекқожина.

Shares