Петропавлда оқушылар арасында Абай оқуларының облыстық кезеңі өтті
Петропавл қаласында республикалық Абай оқулары мен абайтану пәні бойынша олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Шара ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.
«Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдуллинаның айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлы ақын, философ шығармашылығын терең түсінуге ықпал ету.
«Байқау барысында оқушылар Абайдың өлеңдері мен прозаларын көркем оқып, өз түсініктерімен бөлісті, шығармашылық қабілеттері мен сөзге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Республикалық Абай оқуларының облыстық кезеңіне аудандар мен қаладан іріктеуден өткен 42 қатысушы жолдама алды», – делінген дарынды балалар мен талантты жастарды анықтап, қолдау көрсететін «Қызылжар дарыны» орталығының хабарламасында.
Оқушылар 6 номинация бойынша сынға түсті:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»
«Абайдың қара сөздері»
«Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары»
«Көңілім әнді ұғады»
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»
«Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі»
Сондай-ақ абайтану пәнінен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Оған 13 оқушы қатысты. Олимпиада екі кезеңнен тұрды – эссе жазу және Абай шығармаларын талдау.
«Бұл іс-шаралар мерейтойлық жылдың маңызды рухани оқиғасына айналды. Олар жас ұрпақтың білімін, талантын көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен қазақ халқының бай мәдени мұрасына құрметпен қарауға тәрбиеледі», – деп атап өтті «Қызылжар дарыны» орталығы.
Абай оқуларының нәтижесі бойынша:
1-орын – 6 оқушы
2-орын – 6 оқушы
3-орын – 6 оқушы
Абайтану олимпиадасының нәтижесі бойынша:
2-орын – 1 оқушы
3-орын – 2 оқушы
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Абай оқуларының республикалық кезеңі Алматы облысында, ал абайтану олимпиадасы Алматы қаласында өтеді.