Петропавлда полицейлер түтін басқан подъезден тұрғындарды эвакуациялады
Таңғы уақытта Петропавлда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Назарбаев пен Шажымбаев көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатқанда, көпқабатты үйдің терезелерінен шығып жатқан түтінді байқайды. Полицейлер Алмас Жаманбаев, Мағауия Жақсыбаев және Мұратбек Зейнолла оқиғаға дереу әрекет еткен, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бастапқыда тәртіп сақшылары мас күйдегі азаматты медициналық куәландыруға апарып бара жатқан. Алайда түтінді көрген бойда олар бірден 102 нөмірі арқылы хабар беріп, оқиға орнына барған. 10 қабатты үйдің кіреберісін қою түтін басып, тыныс алуға кедергі келтірген.
Өрт шыққан пәтердің тұрғындары өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген. Қалған тұрғындарды полицейлер өрт сөндірушілер келгенге дейін қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, қызыл жалынды тез ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ.
Тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін полиция қызметкерлері өз қызметтерін одан әрі жалғастырды.