Петропавлда саяси белсенді әйелдерге арналған үш күндік тренинг өтуде
Петропавлдағы Достық үйінің қабырғасында еліміздің саяси өміріне белсенді араласуға ұмтылатын әйелдерге арналған тренинг өтуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Үш күндік іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстандағы “БҰҰ-әйелдер құрылымы” кеңсесінің жаттықтырушылары ұйымдастырды.
“Тренингке қатысу үшін 20 әйел тіркелді. Біз үш күн бойы әртүрлі саяси жағдайды талдаймыз. Мен және менің әріптесім депутат болғысы келетін, саясатқа қызығушылық танытатын әйелдерге саяси мәдениет туралы білім беретін боламыз. Тренингке қатысушылар өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктері туралы көбірек білетін болады. Бірінші күні барлық әйелдер танысады, өздері туралы айтады. Түрлі қатысушы келді: кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, қазіргі депутаттар. Біздің қатысушылар қоғамдық өмірде белсенді. Біздің әйелдердің саяси көшбасшылық, гендерлік теңдік туралы не ойлайтындарын білу өте қызықты дер едім. Себебі қоғамда ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері бар”,- деді СҚО-дағы “БҰҰ-әйелдер құрылымы” республикалық кеңсесінің жаттықтырушысы Гүлбахша Мұсабаева.
Спикер Қазақстанда 2022 жылы “Tomiris” байқауының өткенін де атап өтті. Оның көмегімен 25 әйел іріктеліп алынған, олар қазір еліміздің әртүрлі өңірлерінде “БҰҰ-әйелдер құрылымы” республикалық кеңсесінің жаттықтырушылары болып еңбек етеді. Үш күндік тренинг еліміздің 5 өңірінде өтуде.