Петропавлда учаскелік полиция инспекторы көлік рөліндегі қызды құтқарып алып қалды
Облыс орталығында учаскелік полиция инспекторы көлік тізгіндеген қызды құтқарып алып қалды. Жүргізушіде эпилепсиялық ұстама орын алған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Түскі уақытта учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Қайыров жұмыс бабымен қалалық полиция басқармасы жағына бара жатады. Маман Кәрім Сүтішев пен Мағжан Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде Mitsubishi көлігінің жүргізушісі орнынан қозғалмай тұрғанын байқайды.
Полицей көлікке жақындаған кезде рөлде отырған қыз балада эпилептикалық белгілердің басталғанын байқады. Учаскелік полиция инспекторы алғашқы медициналық көмекті шұғыл түрде көрсете бастады: басының астына жастық пен өзінің сыртқы киімін қойып, өмірін құтқаруға бағытталған шаралар жасады.
Жедел жәрдем бригадасы келген кезде қыз бала есін жиып үлгерді.
“Қызметімде ұқсас жағдайларға бұған дейін де тап болатынмын. Сол себептен де қалай әрекет ету керектігі туралы білдім, – деді Нұрбек Қайыров.
Қыз баланың айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болған, полиция қызметкерінің қырағылығы мен дереу әрекет етуінің нәтижесінде оның өміріне төнген қауіп жойылды.