Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда жаңа үйлер, «Үркер-Сириус» республикалық орталығы, мұз сарайы: тағы қандай нысандар салынады

Петропавлда жаңа үйлер, «Үркер-Сириус» республикалық орталығы, мұз сарайы: тағы қандай нысандар салынады

2025 жылы облыс орталығында 217,6 мың м² тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазір 7 бюджеттік және 13 коммерциялық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлер Береке, Жас Өркен, Орман, Орталық және Копай шағын аудандарында бой көтеруде, деп хабарлайды QZ News.

Қала әкімі тұрғындармен кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

«2024 жылдың соңында 169 пәтер сатып алынды, қоныстандыру желтоқсан айында басталды. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған тағы 110 пәтер сатып алу жоспарлануда. Өткен жылы Жас Өркен, Орталық, Береке, Копай, Орман және Жұмысшы кентінде 213 жер учаскесі жылжымайтын мүлікпен бірге мемлекетке қайтарылды», – деді қала әкімі.

Шағын аудандарда ескі нысандардың орнына заманауи әлеуметтік ғимараттар салынуда. Қазірдің өзінде 1200 орындық жатақхана, үстел теннисі орталығы, «Qyzyljar Creative Center» креативті индустрия орталығы, 300 орындық түзету мектебі және Береке шағын ауданындағы спорт-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 90 орындық («Бірлік» ш/а) және 140 орындық («Береке» ш/а) балабақшалар, 600 орындық жайлы мектеп («Орман» ш/а) пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Береке шағын ауданында тағы бір 600 орындық мектеп ашылмақ. Ал Копай шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысының жобасы аяқталуға жақын.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде «Үркер-Сириус» республикалық білім беру орталығы салынатынын мәлімдеді. Орталық 900 оқушыға арналған мектеп-лицей және шығармашылық, зияткерлік, спорттық даму орталығы болады. Мұнда оқушыларға арналған жатақхана, педагогтерге арналған кампус, зертханалық кешендер, шеберханалар, спорттық және мәдени нысандар қарастырылған.

Сондай-ақ Жас Өркен шағын ауданында 280 орындық балабақша салынады. Бұл балабақшамен қамту көрсеткішін 98,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы шағын ауданда мұз сарайының құрылысы да жүріп жатыр.

«Мұз сарайында 150 орындық мұз айдыны, 5 жолақты бассейн, мини-футболға арналған спорт зал және жаттығу залы болады», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл «Қарасай» стадионының қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Жыл соңына Жұмысшы кентінде теміржолдан өтетін жаңа автокөлік көпірінің құрылысы да тәмамдалмақ.

Shares