Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда жол ережесін бұзуды тіркейтін жаңа кешендер орнатылуда

Петропавлда жол ережесін бұзуды тіркейтін жаңа кешендер орнатылуда

2024 жылдың басынан бері облыс полициясы аппараттық-бағдарламалық жүйелердің көмегімен 23 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін тіркеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Сонымен қатар, осы уақыт аралығында тәртіп сақшылары патрульдік көліктерге орнатылған «Кибер-шериф» борттық жүйесі арқылы 1398 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады.

Бүгінгі таңда Петропавлда 21 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олардың саны артады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып та кетті. Жауапты баспасөз қызметі олардың қашан келетінін, қаланың қай көшелеріне қойылатынын айтпады.

Бірақ әріптестеріміз облыс орталығында орналасқан мектептердің маңына жол ережесін бұзуды тіркейтін смарт жүйелер орнатылатынын атап өтті. Яғни, тәртіп сақшылары ең алдымен жазғы демалыстан кейін мектепке қайта баратын балалардың қауіпсіздігін ойлайды деген қорытынды жасауға болады. Облыс орталығында қатынайтын көлік жүргізушілері жылдамдықты өлшейтін жаңа құралдарды орнатуға қатысты өз ойларын ортаға салды.

«Мен камераларды орнату бастамасын қолдаймын. Өзім жылдамдықты сақтаймын, бірақ біздің арамызда тәртіпке бағынбайтындар бар. Олар әсіресе түнгі уақытта тежегішті баса қоймайды. Саяжайдан түнгі уақытта көлікпен  қайтып келе жатқанда қорқынышты. Машина саны азайғандықтан, бәрі бір-бірімен жарысады, жол бермейді. Жылдамдықты бақылау камералары жүргізушілерді қорғау, жаяу жүргіншілерді қорғау және апатты азайту үшін қажет деп ойлаймын», – деп ой білдірді петропавлдық жүргізуші Эльмира Лысенко.

«Жалпы, мен бұған келісемін. Бірақ айыппұл мөлшері өспегенін қалаймын. Өйткені жылдамдықты асырғаны үшін 18 000 теңге төлейсің, ал бір жыл ішінде жылдамдықты қайта асырсаңыз, 100 000 теңге төлеуге тура келеді. Әрине, мен жүргізуші ретінде мұндай айыппұлдарға қарсымын. Иә, жаңа өлшеу құралдарының орнатылып жатқаны көңілге қонымсыз жайт емес, бірақ кейбір нюанстар бар. Камера тұрады, жолдың ортасында көлік бұзылып қалады. Мұндай сәтте көлікті айналып өтесің. Тиісінше қос жолақты басуға тура келеді. Артынша айыппұл жолданады. Ал айыппұлды жою үшін уақыт жоғалтып, арыз жазып, ешқандай заң бұзушылық болмағанын түсіндіру керек. Осындай сәттер көп. Тұтастай алғанда, егер бұл нюанстар жетілдірілсе, бұл өзгеріс әлдеқайда жақсы болар еді. Мен мұндай камераларға қарсы емеспін», – дейді қала тұрғыны Алексей Васильев.

Айта кетейік, қазірдің өзінде Уәлиханов – Айыртау және Назарбаев – Чкалов көшелерінің қилысында жаңа жылдамдық өлшегіштер жұмыс істеп тұр.

Shares