Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда жұмысшы мамандықтардың дамуына әйелдердің қосқан үлесі талқыланды

Петропавлда жұмысшы мамандықтардың дамуына әйелдердің қосқан үлесі талқыланды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Петропавлда «Жұмысшы мамандықтар шеруі» атты іс-шара өтті. Жиынды «AMANAT» партиясының СҚО филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ News.

Іс-шараны «AMANAT» партиясының Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ирина Эктова ашты. Ол әртүрлі салалардағы мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына әйелдердің қосқан ерекше үлесін айтты.

“Әйелдердің жұмысшы мамандықтарға белсенді араласуы – теңдікке жетудің ғана емес, сонымен қатар мықты әрі қарқынды дамып келе жатқан қоғам қалыптастырудың кепілі”, – деді Ирина Эктова.

Сондай-ақ, жиында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жетекшісі Әсел Есжанова сөз сөйледі.

Қатысушылар өңірдегі колледждерде оқуға болатын сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды. Сарапшылар жұмысшы мамандықтардың болашағы мен артықшылықтары туралы айтып берді.

Бағдарламаның сәнін келтірген «Sensitive» би театрының қойылымдары мен Гүлназ Тимирова және Наталья Кокоринаның вокалдық орындаулары болды. Көпшіліктің ерекше ықыласына ие болған сәт – «Радуга» металл-пластикалық бұйымдар зауытының термопласт-автоматтар учаскесінің бригадирі Ольга Гольцердің сөз сөйлеуі еді. Ол дәстүрлі түрде ерлерге тән деп саналатын саладағы тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларды шабыттандырды.

Shares