Петропавлдағы 2024 жылғы су тасқыны : бір жыл өткен соң. Судың көтерілуі, халықты эвакуациялау және ҚР Президентінің келуі туралы шолу
2024 жылғы сәуір айы көпшілікке ұзақ уақыт есте қалатыны анық. Дәл осыдан бір жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының аудандары мен Петропавл қаласына үлкен су тасқыны келді. Сергеев су қоймасының плотинасынан кейін су деңгейі төмендей бастаса, Петропавл гидроқұрылысында су сағат сайын көтерілді, деп хабарлайды QZ News.
Сол кезде облыс және қала әкімдері күрделі жағдайға байланысты шұғыл мәлімдемелер жасады. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және қолдау шаралары жарияланды. Облыс орталығындағы бөгеттерді бекіту жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.
Су тасқынына қарсы штабтың шешімімен Заречный, Былғары зауыты, Ойқала шағын аудандарында және Петропавлдың саяжай аймақтарынан тұрғындарды эвакуациялау басталды. Эвакуацияға полицейлер, еріктілер, ТЖД қызметкерлері және партия өкілдері көмек көрсетті. Алайда көптеген тұрғындар өз үйлері мен мүліктерін тастауға келіспей, көшуден бас тартты.
Ол кезде облыс бойынша 900-ден астам үй зардап шекті, 7 000-нан астам адам эвакуацияланды.
Прибрежный елді мекеніндегі төрт дербес электр желісімен жұмыс істейтін бірінші көтергіш су сорғы стансасында мұз массалары бағаналарды зақымдады. Соның салдарынан Петропавл қаласына су беру шектелді. Облыс әкімдігі қалаға бөтелкедегі ауыз су жеткізуді және шағынаудандарға су тасуды ұйымдастырды.
13 сәуірге қараған түні Бескөл ауылында Есіл өзенінің қатты тасуы салдарынан топырақтан жасалған қорғаныш бөгет жарылды. Түстен кейін дәл осы күні Ойқала шағынауданындағы бөгет те шыдамай, су үйлерге қарай лап қойды. Облыс орталығында зардап шеккендер үшін 12 эвакуациялық пункт ашылды. Бұл пункттерде психологтар күн сайын жұмыс істеді
.
Зардап шеккендерге көмек ретінде Астана, ШҚО, Алматы, Қызылорда және басқа қалалардан гуманитарлық көмек келе бастады. Гуманитарлық көмекті тарату пункттері жылдам ашылып, облыс орталығына ең қажетті заттар – азық-түлік, киім-кешек, мотопомпалар, генераторлар, кептіргіш құрылғылар, құрал-саймандар, құрылыс материалдары, жеке гигиена заттары және тағы басқа керек-жарақтар жеткізілді.
Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Мемлекет басшысы эвакуацияланған тұрғындармен, еріктілермен кездесті және су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шықты.
16 сәуірден бастап Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде үйлері су тасқынынан зардап шеккен азаматтар заңды өтемақыларды алу үшін өтініштер бере бастады.
17 сәуірге қарай СҚО-дағы эвакуациялық пункттерде 13 мыңнан астам адам тіркелді.
Сондай-ақ өңір басшысының төрағалығымен жедел жиналыс өткізіліп, су тасқыны салдарын жоюға байланысты іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспарға қалпына келтіруге келмейтін үйлерді бұзу және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу шаралары енгізілді.