Петропавлдағы облыстық ауруханада адам құқықтарына қатысты негізгі нормалар тілге тиек етілді
Халықтың құқықтық санасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында СҚО-ның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Жанат Жұмабаев көпсалалы облыстық аурухана қабырғасында медицина қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Іс-шара Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жүргізіп жатқан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Ол Zoom платформасы арқылы онлайн форматта медицина қызметкерлерімен сөйлесті
Іс-шара барысында спикерлер азаматтардың қалай көмек сұрай алатыны, бұл үшін қандай байланыс құралдары бар екені, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімдері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Конституциялық заңы азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейтуге және адам құқықтары жөніндегі құжаттарды нығайтуға бағытталған. Біз еңбек ұжымдарымен адам құқықтарына қатысты негізгі нормаларды түсіндіру үшін жиі кездесулер өткізіп тұрамыз», – деді Жанат Жұмабаев.
Халықтың барлық санаттарын, соның ішінде білім мен денсаулық сақтау саласын қамтитын құқықтық ағарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Кездесу облыс дәрігерлерінің қызығушылығын тудырды. Олар пациенттердің құқықтарын қорғауға қатысты, сондай-ақ сапалы заң көмегін қалай алуға болатыны туралы сұрақтар қойды.