Петропавлдағы Ульянов пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында ескі құбыр ауыстырылуда
Жергілікті “Петропавл жылу желілері” ЖШС Ульянов пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында жылу магистраліне күрделі жөндеу жүргізуде. Кәсіпорын мамандары 26 маусымда жұмысқа кірісті, жөндеуді 15 шілдеде аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Екі бригаданың мамандары диаметрі 219 мм болатын 1987 жылғы құбырды ауыстырады, оның тозу көрсеткіші 100% құрап отыр.
“Әбден тозығы жеткен құбырдың ұзындығы шамамен 200 метрді құрайды. Сондай-ақ, аумақта суағарлардың бойын тазарту, қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Қазір бұл жерде 4 бірлік техника жұмыс істеуде. Жұмыстар аяқталғаннан кейін Петропавл қаласының әкімдігімен бірлесіп жол жабынына күрделі жөндеу жүргізілетін болады”, – деді “Петропавл жылу желілері” ЖШС жөндеу басқармасы бас инженері орынбасарының м.а. Алексей Федосов.