Петропавлдық нейрохирургтер ауыр жарақат алған көкшетаулық тұрғынның өмірін аман сақтап қалды
Петропавлдағы көпсалалы облыстық аурухананың дәрігерлері көкшетаулық ер адамға дер кезінде көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Ол ауыр бас-ми жарақатын алып, екі күрделі операциядан өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Оқиға 36 жастағы Г. есімді науқас Петропавлға жұмыс бабымен келген кезде орын алған. Ол көшеде аяусыз соққыға жығылып, ес-түссіз күйде (I дәрежелі кома) ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған ауыр ашық бас-ми жарақаты диагнозын қойды. Компьютерлік томография нәтижесінде кең көлемді жедел субдуралды гематома, мидың құрылымдарын басатын ісік анықталды.
«Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері Балхар Шатуевтің жетекшілігімен жедел түрде отаға кірісті. Науқасқа бас сүйегін декомпрессиялық трепанациялау, гематоманы алып тастау және қан кетуді тоқтату операциясы жасалды. Ота сәтті өтті. 21 күнге созылған қарқынды емнен кейін науқас оң динамикамен үйіне шығарылды. Ми құрылымдарын аман алып қалу үшін 10х8 см көлеміндегі бас сүйек бөлігін алып тастауға тура келді. Сол себепті оған титан пластинасымен жоспарлы краниопластика жасау ұсынылды», – деп хабарлады ауруханадан.
Алты ай өткен соң, денсаулығы қалпына келген науқас қайтадан Петропавлға оралып, дәл сол көпсалалы облыстық ауруханада дәрігер Шатуевтің қатысуымен екінші, жоспарлы операцияны жасатты. Титаннан жасалған торлы пластина орнатылып, бас миының қорғаныш қабаты мен бас сүйектің эстетикалық қалпы толықтай қалпына келтірілді.
«КОБ нейрохирургия бөлімінің ұжымы – бөлім меңгерушісі Руслан Алексеевич Кремнев, емдеуші дәрігер Балхар Анатольевич Шатуев, анестезиологтар, медбикелер мен санитар қызметкерлер – науқастың өмірін сақтап қана қоймай, оның миын сыртқы әсер мен болашақ жарақаттардан толық қорғап, бас сүйегінің сыртқы көрінісін де қалпына келтірді», – делінген аурухана хабарламасында.