Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық полицейлер жалпы сомасы 15 млн теңгеден асатын вейп партиясын сатпақ болған жандарды ұстады

Петропавлдық полицейлер жалпы сомасы 15 млн теңгеден асатын вейп партиясын сатпақ болған жандарды ұстады

Жергілікті полиция қызметкерлері екі күнде Петропавл қаласында вейптерді заңсыз сатудың үш фактісін анықтады. Заңға қайшы тауар Интернационал, Алтынсарин және Добровольцев көшелерінде тәркіленді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Тәртіп сақшылары барлығы 619 вейп, сондай-ақ оларға арналған 672 құты сұйықтық тәркіледі. Мұндай тауардың иелері 15,5 млн теңгеден астам табыс табар еді. Оларға 200 АЕК дейін айыппұл салынады, не 200 сағатқа түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

ҰҚҚКБ жедел уәкілдері тыйым салынған заттарды саудалаған Интернационал көшесіндегі бутиктердің бірін анықтады. Тінту кезінде екі маркадағы 150 вейп тәркіленді. Тәркіленіп алынған заттардың жалпы сомасы 2 миллион 400 мың теңгені құрады. Дәл сол күні жедел уәкілдер Алтынсарин көшесінде 19 жастағы қала тұрғыны жалға алған көлікжайда 197 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 542 құтыны анықтап, тәркіледі. Тәркіленген заңсыз тауардың жалпы сомасы 7 миллион теңгені құрады. Жас жігіт аталған тауарды сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, оларды сатып келген, бұл ісін іске асыру үшін Telegram мессенджерін пайдаланған.

Бұдан бөлек, Добровольцев көшесінің бойында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Volkswagen автокөлігінің 19 жастағы жолаушысынан түрлі маркадағы 272 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 130 құтыны анықтады. Тәркіленген заттардың жалпы сомасы 6 миллион 220 мың теңгеге бағаланып отыр. Жас жігіттің айтуынша, ол да заңмен бұл тауарға тыйым салынғанын білген, бұған қарамастан танымал мессенджердегі каналды пайдаланып, осы өнімдерді сатып келген. Барлық үш факті бойынша да сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, тергеу жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 19 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев вейп пен электронды темекіге тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Оларды импорттауға, өндіруге, сатуға немесе жарнамалауға болмайды. Заң 20 маусымда күшіне енді.

Shares