Петропавлдық тәртіп сақшылары көшедегі қауіпсіздікті ғана емес, тазалықты да ойлайды.
16 қыркүйек күні таңертең облыстық және қалалық полиция аппаратының, учаскелік полиция пункттерінің, қалалық және аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері бекітілген аумақтарын тазалауға шықты. Облыс орталығында елуден астам тәртіп сақшысы басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірге Заводская мен Кеншінбаев көшелерінің аралығындағы Астана көшесін тазалауға аттанды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Полицейлер бір-екі сағат ішінде бекітілген аумақтарын түскен жапырақтар мен қоқыстан тазартты. Таза ауада өткен сенбілікке кезекшілікке жұмылдырылмаған 1500 астам қызметкер мен басшы қатысты. 20 бірлік техника пайдаланылды.
«Сенбілік әр ұжымдағы қызметкерлердің басын қосты. Тұрып жатқан, еңбек етіп жатқан елді мекенді тазалықта ұстау- әр адамның міндеті. Полиция қызметкерлері жалпыоблыстық және қалалық сенбіліктерге жиі қатысып тұрады. Сондай-ақ ай сайын әкімшілік ғимараттардың маңындағы аумақтарды тазалап отырады»,- деп атап өтті СҚО ПД тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Асхат Жомартов
Тәртіп сақшыларымен қатар, көшелерді қалыпқа келтіруге облыс орталығының тұрғындары да шықты. Бұлар – мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын қызметкерлері және барлық мүдделі қала тұрғындары. Жалпы, экологиялық сенбілікке 3 мыңнан астам адам ат салысты. Сол күні барлығы 36 орын жиналды.
«Жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Петропавлдағы орындар таңдалды. Қоғамдық бақтар да, саябақтар да, ең ластанған жерлер де таңдалды. Барша тұрғынды осындай сенбіліктерге шығып, табиғатты қорғау шараларына ат салысып, өз қаламызды көрікті ұстауға шақырамын», – деді облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.