Петропавлдықтар ауладағы құрылыстың кесірінен автотұрақ пен ойын алаңынан айырылады
Тұрғын үй құрылысына байланысты Нұрсұлтан Назарбаев, Мұқанов және Ульянов көшелерінің түйіскен жеріндегі үйлердің тұрғындары автотұрақ, балалардың ойын алаңы мен қоқыс орнынан айырылуы мүмкін. «AMANAT» партиясының филиалы ұйымдастырған сот-құқықтық мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау барысында тұрғындар осы мәселені көтерді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бастамашыл топтың өкілі Алексей Трифоновтың айтуынша, мердігер аула ішінде элиталық үй салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда құрылысты қолдамайтын жергілікті азаматтардан 200 қол жиналды.
«2006 жылы жер телімі әкімдіктің бұйрығымен тұрғын үй қорынан шығарылды. Осы уақыттан бастап бұл учаске пайдаланылмайды. Аула тұрғындары аумақты автотұрақ, қатты тұрмыстық қалдықтар жинайтын орын ретінде пайдаланды, ойын алаңы бар. 2021 жылы үй салу ниетімен алғашқы құрылыс салушы пайда болды. Біраз уақыттан кейін ол жоғалып кетті. Биыл мамыр айында жер учаскесін қоршап алған тағы бір құрылыс компаниясы пайда болды», – деді Алексей Трифонов.
Бастамашыл топ кейінірек анықтағандай, бұл жерді бірінен соң бірі он шақты адам сатып алған. Қазір аула тұрғындары бұл аумақтың неліктен тұрғын үй қорынан шығарылғанын және неге 15 жыл бойы ешқандай әрекет болмағанын анықтауға тырысуда. Олар өз сұрақтарын Петропавл қаласының №2 сотының судьясы Ұлан Әбдірахмановқа қойды.
«Сіз жер учаскесін құрылыс компаниясына берген мемлекеттік органдардың әрекетіне сотқа шағымдана аласыз. Талап-арызды әкімшілік сотқа жалға алушылардың мүдделерін білдіретін ұйым ретінде мүлік иелерінің бірлестігі арқылы беруге болады. Жаңа әкімшілік-іс жүргізу кодексі дауларды шешудің сотқа дейінгі тәртібін де көздейді. Егер мемлекеттік орган сіздің сұрауыңызды қанағаттандырудан бас тартса, онда сотқа жүгіну керек», – деп түсіндірді Ұлан Әбдірахманов