Петропавлдықтардан жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 1 816 000 теңге көлемінде айыппұл өндірілді
Қалалық мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бубенко, қала әкімі Серік Мұхамедиев, Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуәқасов, сондай-ақ мердігер ұйымдар, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар мен қала тұрғындарының қатысуымен кеңес өтті. Жиында аумақтарды абаттандыру және «жасыл аймақтарды» дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды QZ News.
Көктем мезгілінде қаланың тазалығы өзекті мәселеге айналады. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қалада үш айлық абаттандыру кезеңі жарияланды. Бұл кезеңде әр апта сайын сенбіліктер өткізіледі.
Үш айлық басталғалы бері облыста 5 мың аула тазартылды. 130 тарихи-мәдени ескерткіш пен 90 парк пен сквер санитарлық талаптарға сай келтірілді. Қалдықтар полигонына шамамен 10 мың тонна қоқыс шығарылды. Өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен аумақтарда 2 мыңнан астам ағаш отырғызу, 70-тен астам сквер салу жоспарланып отыр.
«Адамдарда экологиялық мәдениет қалыптасуда. Табиғатқа жанашырлықпен қарау – бүгінгі өміріміздің маңызды бөлігі. Осыған байланысты облыс әкімі Петропавл және Қызылжар ауданы бойынша арнайы кеңес өткізуді тапсырды. Қолайлы жағдайлар абаттандыру жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай кеңестер облыстың барлық аудандарында өтетін болады», – деді Марат Тасмағанбетов.
Жиын барысында қаланың сыртқы келбетіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді, атап айтқанда, қоқысты тазалау мен эстетикалық көріністі жақсарту жайы сөз болды. Стихиялық қоқыс тастау орындарымен күрес бірнеше жылдан бері жалғасуда. Жергілікті билік тұрғындарға әкімшілік жауапкершілік туралы үнемі ескертіп келеді.
«2025 жылдың 1-тоқсанында ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 1764 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1 816 000 теңге айыппұл өндірілді», – делінді кеңесте.
2025 жылы 45 көшені жөндеу жоспарланған, оның ішінде 42 көшеге алғаш рет асфальт төселмек. Бұған Бірлік шағынауданы да кіреді. Сонымен қатар 15 шағынауданда 50-ден астам аула абаттандырылады. Марат Тасмағанбетов қала әкіміне облыс орталығын тиісті қалыпқа келтіруді тапсырды. Сонымен қатар полицияға тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмысын күшейту туралы нұсқау берілді.
Айта кетейік, алдағы сенбі – 12 сәуір күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпы қалалық сенбілік өтеді. Ал 21 сәуірде жыл сайынғы «Қазақстан бойынша ағаш отырғызу күні» экоакциясы ұйымдастырылады.