Полиция департаментінде өткен Ашық есік күніне 200-ден астам мектеп оқушысы мен колледж студенті қатысты
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде өткен Ашық есік күніне 200-ден астам адам қатысты. Полицияның басты қонақтары мектеп оқушылары мен колледж студенттері болды. Облыстық полиция департаменті ғимаратының жанынан көрме ұйымдастырылып, келушілер тәртіп сақшыларының техникалық жабдықталуымен танысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Арнайы жасақтардың қару үлгілері жастардың шынайы қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар қыз-жігіттер жылжымалы сот-медициналық зертхананы, полиция байланысшыларына арналған құрал-жабдықтарды, зияткерлік жол қиылысының макетін, департаменттің медициналық қызмет көрсету көлігін және патрульдік көліктерді бағалай алды. Әр қызметтің өкілдері балалардың барлық сұрақтарына ықыласпен жауап берді.
«Біз адамдарға, жастарға полицияның бүгінде қандай жағдайда жұмыс істейтінін, полицияның қандай міндеттер атқаратынын көрсеткіміз келеді. Бәлкім, жиналғандардың кейбірі болашақта ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін шығар», – деді СҚО ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Әбілғазы Ғабдуллин.
Тәртіп сақшылары өз өмірін құқық қорғау органдарымен байланыстырғысы келетін жандардың барлығын Петропавл қаласындағы мына мекенжайға шақырады: Алматы көшесі, 55. Онда кадр саясаты бөлімінің қызметкерлері жұмысқа орналасу және ІІМ ЖОО-на оқуға түсу бойынша барлық сұрақтарға жауап береді.