Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қарағандылық алаяқ әйел петропавлдықтарға жоқ пәтерлерді жалға берген

Қарағандылық алаяқ әйел петропавлдықтарға жоқ пәтерлерді жалға берген

Қарағандылық интернет-алаяқ арам ойын 2022 жылдың жазы мен 2023 жылдың ақпаны аралығында жүзеге асырған, деп хабарлайды Qz Media тілшісі.

Ол танымал веб-сайтта арзандатылған бағамен пәтер жалдау туралы жалған хабарландыру жариялап отырыпты. Хабарласқан жандардан 10 мың теңге сұраған. Ақша аударғандардың нөмірін кейін бұғаттап тастаған. Айлакер бірнеше өңірге қатысты қылмысқа барған. Бірақ көбінесе Петропавлдағы мекенжайларды көрсетіпті. Оның облыс орталығындағы 14 эпизодтың 8-іне қатыстылығы бары анықталып отыр.

«32 жастағы әйел өзінің қылмысын жасыру үшін интернеттен алынған басқа біреудің жеке куәлігінің суретін пайдалану сияқты түрлі айла-амалдарды қолданған. Соған қарамастан петропавлдық жедел қызметкерлер алаяқты әшкереледі. – Қылмыстар жасалған кезде күдікті осыған ұқсас қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жатқан екен. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеді. Сот оны өтелмеген 6 ай мерзімін қосып, 3 жылға бас бостандығынан айырды», – дейді тәртіп сақшылары.

Полиция адамдарды тағы да желідегі жарнамалардан, әсіресе тауарлар мен қызметтер арзан бағада ұсынылған хабарландырудан аса сақ болуға шақырады. Алдын ала төлеммен келіспеңіз, бейнеқоңырау талап етіңіз. СҚО-да жыл басынан бері 400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 150-ден астамы алдын ала төлем талабына қатысты болып отыр.

 

Shares