Қараша айынан бастап «Зиксто» АҚ вагондары жаңа бағытта қатынайды
Қазақстанда жолаушылар вагондары паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, «Түрксіб Астана» ЖШС жеке тасымалдаушысының паркі 2024 жылы шығарылған купе және плацкарт үлгісіндегі 10 жаңа жолаушылар вагонымен толықты, деп хабарлайды QZ News тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы штабтық вагон бар. Барлық вагондар «Зиксто» АҚ отандық өндірушісінен сатып алынды. Вагондар ауа баптағыш жүйелерімен және биоәжетханалармен жабдықталған.
Жаңа жолаушылар вагондары биылғы қараша айынан бастап №43/44 «Қостанай-Алматы» бағыты бойынша қатынайды. Айта кету керек, бұл бағытта қатынайтын вагандор әбден ескірген және жолаушылар тарапынан үнемі шағымдар болатын.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 122 бірлік жаңа вагон әкелінді, жыл соңына дейін тағы 18 бірлік жеткізіледі деп күтілуде.