Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Республика күні – халқымыздың сан ғасырлық арманы – Тәуелсіздіктің айшықты нышаны. Бұл мереке қазақстандықтарға бірлік мен ынтымақтың арқасында халық кез келген уақытта кез келген сынақты жеңіп шығатынын ұғындырады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының құттықтауын жариялады:

“Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген. Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз. Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады. Біз бірге мақсатымызға жетеміз –  баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін! Ұлттың рухы қашанда биік болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!”, – деді мемлекет басшысы.

Shares