Қазақстан балалар суицидімен қалай күреспек?
Қазіргі қазақстандық қоғамдағы өткір мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид. Республикада балалар ортасындағы бұл құбылыстың жиілігі әркез жоғары: 2020 жылы – 144 факт (әрекет – 307), 2021 жылы – 175 факт (әрекет – 373), 2022 жылы – 155 факт (әрекет – 309), 2023 жылдың 6 айында – 95 факт (әрекет – 207), деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Wisevoter ұйымының 2023 жылға арналған есебіне сәйкес, Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-шы орында тұр. Сонымен қатар, Қазақстан балалық шақтың ұзақтығы мен қорғалуы бойынша 180 елдің арасында 50-ші орыннан көрінді. Халықаралық зерттеулер мен тәжірибе балалар суицидінің ең жиі кездесетін бірнеше себебін анықтауға мүмкіндік береді:
– отбасындағы жанжалдар, ата-ананың ажырасуы, отбасындағы зорлық-зомбылық немесе ата-ананың қолдауының болмауы;
– Қатарластары немесе ересектердің зорлық-зомбылығының құрбаны болған балалар үмітсіздік сезімін бастан кешіруі мүмкін. Бұл суицидтік ойларға әкелуі ықтимал;
– білім беру деңгейінің жоғару болуы, бәсекелестік және басқалардан табыс күту балаларда стресс пен алаңдаушылық тудыруы мүмкін
Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген кешенді жоспарда білім беру жүйесінде педагог-психологтың мәртебесін арттыру көзделген. Психологиялық қызмет жұмысын жақсартуға, жаңғыртуға, цифрландыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында практикалық психология қауымдастығын құру жоспарлануда. Бұл отандық ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерінің әлеуетін пайдалануға және оларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға тартуға мүмкіндік береді.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, суицид деңгейін төмендету және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ата-ана мәселесі бөлек қарастыруды қажет етеді. Жүргізілген көп өлшемді талдау ата-аналарға ата-аналық міндеттерін жүзеге асыру кезінде қолдау таныту маңызды екендігін көрсетеді. Осыған байланысты жалпыға бірдей ата-аналық білім беру арқылы ата-ана мен бала қарым-қатынасын нығайту көзделуде», – делінген кешенді жоспарда.