Қозыбаев университеті мен польшалық ЖОО қос дипломды оқыту бағдарламасын қолға алмақ
Қозыбаев университетіне жұмыс сапарымен Польша Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Михал Лабенда болды. Ол ЖОО басшылығымен кездесіп, студенттерге дәріс өткізді және университеттің мүмкіндіктерімен танысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі ЖОО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“2019 жылдан бері Қозыбаев университетінің 116 студенті Польшада ақылы өндірістік тәжірибеден өтті. Сонымен қатар, біздің үш оқытушы Польшаның агроөнеркәсіп кешендерінде кәсіби тағылымдамадан өтті. Польшаның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Варшава университетімен ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойылды. Бұл серіктестік студенттерімізге академиялық ұтқырлық бойынша үлкен мүмкіндіктер ашады. Кездесуде бірлескен қос дипломды бағдарламалардың ашылуы талқыланды”,- делінген ЖОО-ның хабарламасында.
Сапар барысында дипломатиялық миссия басшысы Михал Лабенда Солтүстік Қазақстан филология студенттерінің білім беру бағдарламасына поляк тілін енгізу, ЖОО базасында польшалық орталық ашу және студенттердің тәжірибелері мен академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру желісі бойынша өзара ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.
«Мен үшін университеттер арасындағы ынтымақтастық-маңызды тақырыптардың бірі. Польшалық бизнес субъектілері мен ЖОО Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық орнатқанына қуаныштымын. Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті сіздермен қос дипломдық бағдарламаларды әзірлеуге дайын. Барлық жоспарлар орындалады деп үміттенемін. Польша Елшілігі тарапынан қолдау көрсетіледі», — деді Михал Лабенда.