Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «2025 жылдың алғашқы үш айында елдегі қылмыс деңгейі 5,8%-ға төмендеді»

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «2025 жылдың алғашқы үш айында елдегі қылмыс деңгейі 5,8%-ға төмендеді»

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов әлеуметтік желідегі парақшаларында елдегі қылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті, деп хабарлайды QZ News.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — стратегиялық басымдық болып қала береді.

«2025 жылдың үш айында елдегі қылмыс деңгейі 5,8%-ға төмендеді (35 320-дан 33 279 құқықбұзушылыққа дейін). Бұл — қылмыстың алдын алуға бағытталған барлық құқық қорғау органдарының жүйелі профилактикалық жұмысының нәтижесі. Алдын алу шаралары тиімді болғанда — қылмыстар жасалмайды. Бұл — құқықтық тәртіптің шынайы әсері», – деп жазды ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.

Бірқатар бағыттар бойынша қылмыс санының айтарлықтай азаюы тіркелді:

ұрлық – 29,3%,

бұзақылық – 32,6%,

мал ұрлығы – 27,6%,

жеңіл дәрежедегі қылмыстар – 11,9%, азайған.

Аса ауыр қылмыстар – екі есе азайған.

«Азаматтар нәтижені нақты көруі керек — аулада тыныштық, көшеде қауіпсіздік, балалар үшін жайлы орта. Алайда, кейбір өңірлерде кері үрдіс байқалды: Шымкент қаласында +25,8%, Жамбыл облысында +21%, Ұлытау облысында +13,6%, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында — қалыпты өсу. Бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлестіру мен нысаналы жұмысты күшейту қажет», – деп жазды ҚР Бас прокуроры.

Ол прокуратураның қылмысқа қарсы күресті үйлестіруші орган ретінде әрбір мемлекеттік органның нәтижесі үшін нақты жауапкершілік жүктелуін талап ететінін атап өтті. Прокурорлар жергілікті жерлерде мемлекеттік органдардың әрекеттері мен тәсілдерінің бытыраңқылығына жол бермей, олардың өзара іс-қимылы мен келісілген жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

«Алаяқтық қылмыстары 3,9%-ға азайды, келтірілген жалпы шығын 41,4 млрд теңгені құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз (2024 ж. — 93,7 млрд). Оның ішінде 11,7 млрд теңге өтелді, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді. Залалды өтеу бойынша жұмыстар күшейтіледі. Әрбір қылмыстық істің артында жәбірленушінің тағдыры тұр. Маңыздысы — кінәлі адамды жазалау ғана емес, әділеттілікті қалпына келтіру», – деп атап өтті Асылов.

2025 жылдың бірінші тоқсанында есірткі айналымына қарсы күрес саласындағы жұмыстың жүйелілігі мен қарқыны артқаны байқалады. Есірткі қылмыстары 14%-ға, оның ішінде сату фактілері 13%-ға өскен. Сотқа 1,5 мыңнан астам іс жолданды, заңсыз айналымнан героин, гашиш, марихуана және синтетикалық заттарды қоса алғанда 3,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

«Есірткі дүкендеріне қатысты ауқымды істерді арнайы прокурорлар тергеп жатыр. «Ақша ізін қуу» қағидаты аясында олар елеулі нәтижелерге қол жеткізуде. Үш айда есірткі кірістері өткен 12 мыңнан астам жалған тұлғаларға («дропперлерге») тіркелген банктік шоттар бұғатталды, олардың шоттары арқылы 2,1 млрд теңгеден астам қаражат өткен. 5 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды, 6 млн доллар көлеміндегі криптовалюта тәркіленді. Профилактика — бұл жай формалдылық емес. Бұл — қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар», – деп түйіндеді Берік Асылов.

Shares