ҚР Бірінші вице-премьері мен СҚО әкімі №4 ОМ базасындағы эвакуациялық пунктке барды.
№4 орта мектеп базасындағы эвакуациялық пунктте Заречный кенті, Подгора, Хромзавод және Речпорт шағын аудандарының тұрғындары уақытша тұрып жатыр. Оларға жасалған жағдаймен ҚР Бірінші вице-премьері Роман Скляр мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мұнда 44 адам, оның ішінде екі бала орналасқан. Олар үш мезгіл тамақпен, медициналық және психологиялық көмекпен, бірінші қажеттіліктегі заттармен қамтамасыз етілген.
СҚО қоғамдық штабының өкілдері эвакуацияланғандарға тегін заңгерлік көмек көрсетілетінін айтты. Ең жиі қойылатын сұрақ – саяжайда тұратындарға келтірілген шығынды өтеу.
«Әр отбасы, әрбір азамат мемлекет тарапынан қажетті қолдауға ие болады. Бұл табиғи апат. Ешкім көмексіз қалмайды. Мемлекет көмектеседі, жеке компаниялар, шағын және ірі кәсіпкерлер, бүкіл ел гуманитарлық көмек жинайды. Ең бастысы, сіз өз өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтап қалдыңыз. Келген шығынды комиссия бағалайды. Жалғыз баспанасы саяжай болып табылатындарға 100 АЕК көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленеді», – деп сендірді Роман Скляр.